МАУСЫМДА ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ
1 маусымнан бастап дизель отынын сатуға акциздердің көтерілуіне байланысты жанар-жағар май бағасы өседі, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ға сілтеме жасаған ҚазАқпарат.
Қазіргі таңда Қазақстандағы ірі жанармай бекеттері желілерінде дизель отынының литрі 135-136 теңге болып тұр. Ал аграршылар үшін литріне 122-128 теңге деңгейінде баға белгіленген болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 наурыздағы № 144 қаулысына сәйкес 2017 жылдың 1 маусымынан бастап дизель отынын сатуға акциз мөлшерлемесі тоннасына 9300 теңгені құрайды. Акциздің ұлғаюы есебінен ғана көтерме бағаның өсуі шамамен литріне 7,3 теңгені құрайды, бұл ЖҚС (жанармай құю станциялары) желілеріндегі бағаға әсерін тигізеді.
Көптеген елдерде дизель отыны мен бензиннің бағасы бірдей. Мысалы, көрші Ресейде бұл мұнай өнімдерінің бағалары литріне 208-209 теңгені құрайды. Сонымен қатар, өндіру мен тұтыну көлемдерінің, қорлар динамикасының, ҚР нарығындағы және РФ импортының көтерме бағаларының өзгеруі келешекте мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне бөлшек бағалардың өсуіне әсер етуі мүмкін.