ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕГЕ АРНАЛҒАН ТУРНИР
Қазалы ауданында «Экспо-2017» халықаралық көрмесін насихаттауға байланысты футболдан аудандар арасында турнир өтті. Мемлекеттік қызметшілер арасында спортты насихаттау және әріптестік қарым-қатынасты нығайту бағытындағы турнирге Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының мемлекеттік қызметшілері мен облыстық әділет департаментінің командалары қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Н.Шамұратов ойынның маңыздылығына тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Арал ауданының әкімі М.Оразбаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов, облыстық әділет департаментінің басшысы Қ.Сапаров, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы С.Имандосов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекпанов, Қазалы ауданының футбол федерациясының президенті Ф.Қожабергенов мұндай спорттық шаралар салауатты өмір салтын дәріптеуге және жалпы мемлекеттік қызмет жүйесінің жақсы имиджінің қалыптасуына ықпал ететіндігін жеткізді.
Алдымен Арал және Қазалы аудандарының спортшылары сынға түсті. Қорытындысында 2:1 есебімен аудан әкімі Нажмадин Шамұратов бастаған қазалылық мемлекеттік қызметшілер ақтық сынға жолдама алды.
Ал қармақшылықтар мен әділет департаментінің ойынында Қармақшы ауданының мемлекеттік қызметшілері ептіліктерін байқатты.
Арал және Қармақшы, Қазалы мен Әділет департаменті командалары өзара кездесулерінде тең ойын көрсетті.
Турнир қорытындысымен Қармақшы ауданының мемлекеттік қызметкерлерінен құрылған команда топ жарды. Қазалылық мемлекеттік қызметшілер 2-орын, аралдықтар 3-орынды иеленді. Ал облыстық әділет департаментінің командасы 4-орынды қанағат тұтты.