АЙМАҚТА ЭПИЗООТИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов БАҚ өкілдеріне облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мен бұралқы ит-мысықтарды аулау бағытындағы шаралардан хабардар етті. Басқарма басшысы мен журналистер арасындағы әңгімеде өңірдегі эпизоотиялық жағдайдың барысы да айтылды.
Мал арасында түрлі аурулар жиі-жиі белең алып тұратын Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен шектесетін еліміздің 5 облысы Кедендік одақтың буферлік аймағына кіреді. Олардың ішінде біздің де аймақ бар. Жыл басынан бері облыста 2452,6 мың бас мал вакциналанды.
- Қазір өңірде қауіпті инфекцияларға қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ұдайы жүргізіліп келе жатқан алдын-алу шараларының арқасында аймақта аусыл ауруы тіркелген жоқ. Жалпы, алдын-ала жасалған кестеге орай 15 түрлі инфекциялық ауруға қарсы шаралар жасалды, - деді Е.Әпетов.
Басқарма басшысының сөзінше аусылға қатысты буферлік аймақтан шығу үшін 239 мың бас сиыр, 438 мың ұсақ мал вакциналанды. Облыс аумағынан шығатын, сондай-ақ келетін түлік түрлері үнемі бақылауда тұр.
- Осыдан 2 ай бұрын Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның комиссиясы еліміздің бес облысына вакцина қолданбайтын аусылдан таза аймақ статусын беру мәселесіне қатысты инспекция жүргізді. Бұл мәселе осы айдың соңында Парижде өтетін ХЭБ отырысында шешіледі, - деді облыстың бас ветеринары.