АМУРЛЫҚ ОҚУШЫЛАР: ЛЕНИН БІЗГЕ АТА ЕМЕС
Амур облысындағы Ушумун поселкесінің оқушылары Владимир Ленинге қойылған ескерткішті қирата жаздаған. Олар осы әрекеті арқылы «күн көсемнің» саясатымен келіспейтіндігін көрсеткісі келіпті, деп хабарлайды жергілікті коммунистік партия ұйымының сайты.
Тұғырда тұрған Ленинге «шабуыл» жасағандар 8 және 9-шы сыныптың екі оқушысы болып шықты. Дәл бұрынғы пионерлер күні – 19 мамырда олар ескерткіштің қолы мен аяғын бүлдірген, қатты соққыдан «күн көсем» киген шекпеннің да бір шеті сынып кеткен.
Қазір жасөспірімдер өз кінәсін мойындады, олардың әке-шешесі де ескерткішті қалыпқа келтіруге уәде берді.
Ушумундағы Ленин ескерткіші 1939 жылы қойылыпты. Ол жергілікті монументтік өнер туындысы саналады.
Жалпы Ресейде соңғы уақыттары осындай оқиға көбейіп барады. Осының алдында ғана бір топ базбұзардың қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың Невельдегі ескерткішін мазақ еткен видеосы пайда болған еді. Бірақ, құқық қорғаушылар оларды жауапқа тартқан жоқ.