МАНЧЕСТЕР ТЕРАКТІСІН «ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ» ЖАСАПТЫ
Көп елде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы 22 адам ажал құшқан Манчестердегі жарылысты өз мойнына алды. Бұл туралы Ирактың интернет-порталына сілтеме жасаған ТАСС хабарлайды.
Әйтсе де, ливандық Lebanon24.com басылымы «ИМ» ұйымының мойындауды ресми түрде жасамағанын жазып отыр. Ғаламторда бетін жабық ұстаған бір адам өзін «ИМ» мүшесімін деп таныстырып, Манчестер терактісі осы ұйымның ісі екендігін айтқан.
Бұдан бұрын Манчестер полициясы жарылысты жанкешті жасағанын хабарлаған еді. «Жанкештінің оқиға орнында өлгеніне кепілдік беремін. Ол қолдан жасалған жарылыс құралын жасырып әкеліп, жұрт көп шоғырланған кезде іске қосқан», — деп хабарлаған құқық қорғау өкілі.
Дүйсенбі күні кешке Америка әншісі Ариана Гранденің концертінде болған жарылыстан 22 адам қаза тауып, 59 адам жарақат алды.