ЖАРАЛЫ ПІЛ АҢШЫНЫ БАСЫП ӨЛТІРДІ
Белгілі оңтүстікафрикалық аңшы Теунис Бота құлаған пілдің астында қалып қаза тапты.
Бұл оқиға жуырда Зимбабведе болыпты. Елу бір жастағы Бота бастаған аңшылар тобы саваннада пілдер табынына тап болады. Қару ұстағандардан қауіптенген үш піл балаларын қорғап, аңшыларға қарай ұмтылыпты. Олардың бірі Ботаны тұмсығымен іліп алып, көкке көтереді. Дәл осы кезде аңшылардың бірінің оғы тиген алып жануар Ботаны астына ала жығылған, деп хабарлайды News24.com
Кеунис Бота тәжірибелі аңшының бірі болған екен. Ол сафари-турлар ұйымдастыратын компания ашып, онысы әжептеуір табыс та әкелген екен.
Бірақ талай пілді, арыстан мен қабыланды оққа байлаған әккі аңшы осылайша оқыстан ажал құшты.
Негізі жортқан аң, ұшқан құстың да киесі бар. Ботаны осы жазықсыз жануарлардың қаны жібермеді-ау...