ҚАЗАЛЫДА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысын ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа-жоспар аясында ақпараттық-насихаттық топ Қазалы ауданында болып, жұртшылықпен жүздесті.
Топ құрамындағы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, Алтынкүл Есқараева, Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Денеева, Қызылорда облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Лиман Боранбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жанар Дәулетбаева мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, кеңес берді.
Аудан әкімінің орынбасары А.Қаржаубаев ашып, жүргізіп отырған мәжілісте зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының тиімділігі жөнінде жан-жақты айтылды.
Жалпы, халық өмірінің сапасын арттыру мәселесі мемлекетіміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды міндеті болып келеді. Елбасы қолдауымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік бағдарламалар қабылданды.
Мұның бәрі халықтың өмір сүруі жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс.