ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗДІ
Қызылордада орман өртінің алдын алуға бағытталған жаттығу өтті. Оның сценарийі бойынша қала іргесіндегі Эдельвейс саяжайында орман шаруашылығының аумағында қураған ағаштар мен бұталардың жануы орын алды. Шартты өрт 100 шаршы метр алаңды қамтыды.
Оқу-жаттығу барысында әуелі отты қоршау, жиектерді жырту іс –әрекеттері пысықталды. Өрт сөндірушілер секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұйытқи соққан желмен арпалыса жүріп 1 сағатта жалынды сөндірді.
Іс-шара қорытындысында Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты З. Салмырзаұлы облыстық телеарнаға берген сұхбатында өртке көп ретте тұрғындардың немқұрайдылығы себеп болатынын атап өтті.
– Бір ғана мысал, адамдар темекі тұқылын жол жиегіне лақтырады, табиғатта демалу кезінде алау жағады, шыны қалдықтарын тастайды. Осының барлығы орман өртінің тұтануына әкеліп соғады. Сонымен қатар, тұрғындар тұрғын үйлердің жанында құрғақ шөптерді өртеп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, - деді ол.
Қызылорда облысы ТЖД