ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ
Жалағашта Бауыржан Момышұлының келіні, қазақ салт-дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды насихаттаушы Ахметова Зейнеп Асқарбекқызымен кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Мұсаева, аудан тұрғындары, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов жүргізіп отырды.
Қазақ келіндерінің ғажап үлгісін көрсете білген Зейнеп Ахметова батыр атасы жайлы қызықты да, тартымды әңгіме өрбітті.
– Менің өзге келіндерден айырмашылығым да, ерекшелігім де –Ұлы тұлғаның, даңқты қолбасшының, батыр атамның келіні болғанымда. Бұл мыңның біріне бұйыра бермейтін бақыт. Алла маңдайыма алты алаштың ардақтысына келін болуды бұйырғанына өзімді бақытты санаймын. Қазақтың намысын ту ғып көтерген, ұлтының қамын жеген ұлы атамыздың халқына, еліне, жеріне деген керемет сезімдері маған да дарыды,– деді Зейнеп Асқарбекқызы.
Кездесуде көпшілік қауым өздерін қызықтырған түрлі сауалдарға тұшымды жауап алды. Кеш соңында батыр атамыздың келініне сый құрмет көрсетілді.