МОТОБАЙКЕРЛЕР БАЙҚОҢЫРДА «ЖҰЛДЫЗДАРҒА ЖОЛ САЛДЫ»
Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Қазақстан және Румыниядан келген 150-ден астам мотоциклші Байқоңырдағы слетке қатысты.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Байқоңыр» мотоклубы және қалалық мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасының осы кең ауқымды үшінші кездесуінде мототуризмді дамыту және Байқоңырдың туристік мүмкіндігін насихаттау басты мақсат болды.
«Жұлдызға жол» мотослетінің ұйымдастырушылары мен қонақтар үш тәулікті далалық жағдайда өткізді. Олар жұлдыздар жарқырай көрініп тұрған аспан астында шатырларда түнеді, от жағып, ас әзірледі, гитарамен қосылып ән айтты. Сенбі күні 57 мотоцикден құралған колонна Байқоңыр ғарыш айлағы тарихы музейін, өзге де көрнекі жерлерді көру үшін қалаға кірді.
Кешкі бағдарламаға сәйкес қонақтарға арнап Байқоңырдың музыкалық ұжымдары - «Ренессанс», «Mix», «Байқоңыр» кантри» топтары концерт қойды.