АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық Аналар кеңесінің «Дәстүрлі құндылықтар және рухани жаңғыру» атты форумы өтті. Оған жазушы-этнограф, қоғам қайраткері, Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды, ұлттық рухты насихаттаушы Зейнеп Ахметова, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, көпбалалы аналар мен этномәдени бірлестік мүшелері, мұғалімдер, қала тұрғындары қатысты.
Шараны облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жүргізеді. Форумның маңыздылығын атап, З.Ахметованың өнегелі өмір жолына тоқталып өтті.
Салт-дәстүр насихатшысы Зейнеп Асқарбекқызы «Шуақты күндер», «Әзіліңді сағындық», «Бабалар аманаты» кітаптарының авторы.
Форум барысында Зейнеп Асқарбекқызы отбасылық құндылықтар, дәстүрлі дін, ұлттық салт-дәстүр, қазақ қызына тән болмыс, қоғам қалыптасуындағы ана-әже рөлі туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ата мен келіннің арасындағы байланысты, қаталдық артындағы жұмсақтықты, таяқтың ұшындағы тәрбие мәселелеріне тоқтала кетті. Батырдың келіні болу - үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап еткендігін де айтып өтті.
Айта кету керек, дана келін, дара келін Зейнеп Асқарбекқызымен кездесуге келушілер қатары көп болды. Ғибратты әңгімелерін тыңдап, өнегелі өсиеттерін ойларына түйді. Форум пікір-алмасу, сұрақ-жауаппен жалғасын тапты.