БЕС ШЕКАРАШЫ СОТТЫ БОЛДЫ
Шымкент гарнизонының әскери соты бала өліміне жол берген 5 шекарашыға үкім шығарды. Істі қараған судья Жәмиля Төленова Қызылорда облысында мемлекеттік шекараны күзету сеніп тапсырылған жылжымалы шекара бекетіне басшылық жасаған аға лейтенант Рақымжан Түзеловті 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын қоныс колониясында өтейтін болады. Одан бөлек сол күні бір ауысымда болған тағы төрт шекарашыға 1 жылдан шартты жаза тағайындалды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Айта кетейік, оқыс жағдай осы жылдың 8 ақпаны күні болған. Сотта келтірілген дәйектерге сүйенсек, шекараны күзетуге шыққан бұл топ сол күні қызметке кірісудің орнына телефондарын сөндіріп, үйді-үйлеріне тарқасқан. Ал 4 автомат пен 1 тапаншаны оқ-дәрілерімен қарамағындағы бір шекарашының үйінде қалдыру бұйырылыпты. Ал ойнап жүріп оқтаулы қаруды көріп қалған сол үйдің екі бүлдіршіні тапаншаны алып, абайсызда атылып кеткен қару оғынан 7 жасар бала жантәсілім еткен болатын.