СЫР ӨҢІРІНДЕ ЖАҢА ЗАУЫТ БОЙ КӨТЕРМЕК
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында Жазкен Жиембаев атындағы Ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бахытжан Дүйсембеков мәлімдеді.
Аймақ басшысының қолдауына ие болған жоба экологиялық таза өнім алуға бағытталған. Отандық ғалымдардың ойлап тапқан ауылшаруашылық егістіктерін зиянкестерден қорғауға арналған жаңа пестицидтің заты ретінде кәдімгі күріш дақылы қолданылады екен.
- Аталмыз биологиялық жолмен әзірленген құрал қазіргі зиянкес жәндіктер мен арамшөптерге қарсы қолданып жүрген химиялық препатардан сапасы жағынан асып түспесе кем емес. Және ол адам ағзасына еш зиянын тигізбейді. Қазіргі таңда біздің институт еліміздің үш облысында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесі жаман емес. Зауыт құрылысына байланысты барлық сұрақтар қазір нақтылану деңгейінде,– деді Б.Дуйсембеков.
Айта кетейік, биыл облыс аумағында барлығы 84 947 гектар жер зиянкестерге қарсы шаралармен қамтылмақ. Оны Оңтүстік Қазақстанның «Өсімдікті қорғау», «Дельта Юг» атты екі ЖШС-гі және РМК «Фитосанитария» облыстық филиалының мамандары жүргізбек.
Акнур ЖАГИПАРОВА