ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кәсіпкерлік нысандарын аралады.
Аудан басшысы алдымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойынан салынып жатқан «Сыр маржаны және К» ЖШС-нің «В» санатты сервистік қызмет көрсету нысаны құрылысының жұмысын көрді.
Серіктестік директоры М.Өтеевтің айтуынша, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеген нысан биыл пайдалануға беріледі. Мұнда шағын қонақүй, 40 орынға арналған кафе, медициналық пункт, туристерге арналған ақпараттық пункт, аралас заттар дүкені, автокөлік жөндеу шеберханасы, жанар-жағар май құю бекеті сауда павильонымен орналаспақ.
Сонымен қатар, аудан әкімі жеке кәсіпкер Ү.Сейілбаевтың кәсіпкерлік қызмет көрсету орталығының, жеке кәсіпкер А.Байсуғанованың автокөлік дәлізі бойындағы «С» санатты сервистік қызмет көрсету нысанының құрылыстарымен және «Өндірістік аймақ ұйымдастыру» жобасы бойынша жұмыстармен танысты.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 5 квартал аумағынан тұрғын үй мақсатында игерілетін 210 га жер учаскесінен халыққа берілетін тұрғын үймен қатар 40 га аумаққа орналастырылатын «Кәсіпкерлік қызмет көрсету кешенін ұйымдастыру» жобасы бойынша жүргізілетін инфрақұрылым жүйелерінің орналасу жұмыстарын бақылады.
Аудан әкімі тиісті сала басшылары мен мен құрылысты жүргізіп жатқан мекеме басшыларына жобаларды тиянақты әрі өз уақытында орындауға тапсырма берді.