ҚЫЗЫЛОРДАДА АСПАННАН БЕЙМӘЛІМ НЫСАН КӨРІНДІ
Бүгін түнде, шамамен 01-25 шамасында Қызылорда аспанында бірнеше беймәлім нысандар пайда болған. Оңтүстік-шығыстан байқалған бұл құбылыс жайлы бізге Тасбөгет кентінің тұрғыны айтып берді.
Оның айтуынша белгісіз нүктелер легін отты-сарғылт екі үлкен нысан басқарып, қаланың шығысана қарай көлбей ұшқан. Олардың соңынан шамамен отызға жуық майда нүктелер ерген.
- Бұл таңғажайып оқиғаны көрісімен түсіріп алмаққа телефонымды қостым, - дейді ол. – Бірақ, кейін аппаратымнан ештеңе көре алмадым. Сірә, менің телефонымның шамасы келмеді-ау...
Астронавтика мен физикадан хабары бар ол бұл құбылысты былайша пайымдайды. Бірінші, бұл құлаған метеорит болуы мүмкін, одан кейінгі болжам – ғарыш кемесінің қалдықтары. Ол түнгі Қызылорда аспанын кезіп жүрген кәдімгі беймәлім ұшқыш нысан болуы да мүмкін дегенді айтады.
Атын айтпауды өтінген тасбөгеттік тұрғын қақпа сыртынан өзінен басқа осы құбылысты көргендердің даусын естіпті.
- Мүмкін сол адамдар табылып қалар. Түнде аспанды көктей ұшқан құбылыс жайлы солардан толығырақ білерміз,– дейді ол.