КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРУШЫЛАР ОРТАЛЫҒЫН ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Отырыста Кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмыстары жайлы хабарлама жасаған Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін экспорттауға қатысты ұсынысын білдірді.
«Қызылорда облысында ауылшаруашылығы тауарларын экспортқа шығаратын кәсіпкерлер жеткілікті. Бірақ компаниялар қажетті құжаттарды алу үшін 2-3 күнде 6 мекемені аралауға мәжбүр болады. Мемлекет басшысының Жолдауында өңірлердегі экспортерларға «біртерезе» қағидасы аясында қызмет көрсете отырып, қолдау керек деген болатын. Осы ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі негізінде арнайы «біртерезе» қағидасымен жұмыс істейтін жұмысшы органын құруды ұсынамын», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата басшысы жергілікті экспорттаушыларға қосымша жүктелетін ауыртпалықтар туралы айта келе, экспорттаушы кәсіпкер жүгінетін мекемелерді атады:
1. Кәсіпкерлер палатасынан – СТ-КЗ сертификаты;
2. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалы немесе «Астық сапасы» ЖШС-нен сапа сертификаты;
3. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық құрылымдық инспекциясынан фитосанитарлық сертификат:
4. Кедендік бақылау департаментінен декларация;
5. Теміржол бөлімдері
6. Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттар тапсырады
Палата басшысының айтуынша, экспорттаушылар үшін құруды ұсынып отырған органның мемлекеттік орган болуы міндетті емес, мүмкіндігінше аталған бастаманы жүзеге асыруға жеке секторды тартқан дұрыс.
Бұл механизм Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде ғана емес, сондай-ақ Сингапур, Гонконг сынды жылдам дамушы елдерде де сәтті қолданылып келеді.
Ғалымбек Жақсылықов аталмыш ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда бұл қызмет түрін тек қана тауарды экспорттаушылар ғана емес, сондай-ақ импорт тауар әкелуші кәсіпкерлер де қолдана алатындығын жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі