КӨЛІК ПРОКУРАТУРАСЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ҚОНҒАН BEK AIR ҰШАҒЫНА ҚАТЫСТЫ ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗІП ЖАТЫР

«Қазіргі уақытта болған жағдай жан-жақты тексеріліп жатыр. Заң бұзу оқиғасы анықталса, лайықты жаза қолданылады», - делінген хабарламада. Баспасөз қызметі 17 мамыр күні сағат 23:41-де әуежайдың диспетчерлік қызметінен «Астана-Ақтөбе» бағытында ұшып кеткен «БекЭйр» АҚ-ға тиесілі ұшақтың апаттық сигналдың ойнауына байланысты қайта қонғалы жатқаны жайлы хабар келіп түскенін еске салады. Бортта 108 жолаушы болған, оның 17-і - бала. Сондай-ақ, 6 экипаж мүшесі болған. Өз кезегінде ІІЖБ ұшақтың апаттық жағдайда қону оқиғасын ҚР ҚК 344-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеді. Тергеу шаралары барысында полиция ұшақты тексеріп, тергеу обьектісі ретінде оны жауып тастады. «Қазаэронавигация» РМК-ға ұшақты ұшырмау туралы талап жолданды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 18 мамырдағы №276 бұйрығымен аталмыш оқиғаны тексеру жөніндегі комиссия тағайындалды.