ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДАРЫН ҚЫСҚАРТУ ШАРАЛАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ
ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ұлттық компаниялардың сыртқы қарыздарын қысқарту жөніндегі шараларды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес холдингтер мен ұлттық компаниялардың қарыз алу операциялары Үкімет тарапынан қатаң қадағалауға алынатын болады. Квазимемлекеттік сектордың қарыздарын азайту үшін келесі шаралар қолдану жоспарланып отыр: субъектілерді мониторингпен қамтуы қажет талаптарды анықтау; белгіленген сомадан жоғары қаражатқа сырттан қарыз алуды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен міндетті түрде келісу және рұқсат алу; квазимемлекеттік сектордың қарыздарын басқару үшін үйлестіру кеңесін құру», - деп атап өтті министр ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкіметтің 2016 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру барысында.
Оның атап өтуінше, жалпы мемлекеттік борыш есептік жылдың соңында 11 трлн 437 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы ішкі өнімге шаққанда 26 пайыздан төмен. Борыштық жүктеме қауіпсіз деңгейде қалып отыр. Кірістермен салыстырылғанда 12 пайыздан төмен. Бекітілген шекті деңгейі - 15 пайыз. «Жалпы сыртқы қарыз 163,8 млрд долларды құрады. Оның 82% жеке сектордың қарыздары. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 2015 жылдың көрсеткішінен 2,6 млрд.долларға азайып, 16,2 млрд долларды құрады», - деді Бақыт Сұлтанов.