ӨНЕРЛІ БҮЛДІРШІНГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ
Қармақшылық нұротандықтар «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі 3 сынып оқушысы Гауһар Ибраеваға қаржылай көмек көрсетті.
«Гауһар Жосалы кентіндегі №27 мектептің 3 сынып оқушысы. Үйден оқытылады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасында тәрбиеленуде. Ата-анасы жұмыссыз. Отбасында 5 баланың екеуі мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі болса да, сабақты жақсы оқиды, әрі өнерлі»,- дейді партия қабылдауына өтініш білдірген сынып жеткшісі Жұлдызай Битенова.
Гауһар мүмкіндігі шектеулі балғындар арасындағы облыстық байқауда жеңімпаз атанып, 25 мамыр мен 1 маусым аралығында Алматы қаласында республикалық деңгейде мүмкіндігі шектелуі балғындар арасындағы «BI Жұлдызай» өнер байқауына жолдама алған. Шәкіртінің жағдайын ойлаған Жұлдызай осы байқауға бару үшін партиялықтардан көмек сұраған.
Жұлдызайдың өтініші назардан тыс қалмады. Нұротандықтар ұйымдастырған бұл жолғы қайырымдылық шарада құқық қорғау органы саласының қызметкерлері белсенділік танытты. Атап айтар болсақ Қызылорда облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ММ 2- полиция батальонының 3- ші взвод командирі, полиция капитаны Бегім Ибраев, 2- полиция батальонының 3-ші взвод командирінің көмекшісі, полиция аға сержанты Камал Әбдіқасымов, 2- полиция батальонының 3- ші взвод полиция сержанты Жомарт Бахрадинов сондай-ақ аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Әмір Сағатов қатысып, өнерлі бүлдіршінге демеушілік көрсетті.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов өнерлі балғынға шығармашылық табыс тілеп, белсенділік танытқан, көмек қолын созған азаматтарға партия атынан шынайы алғысын білдірді.