ҚАЗАЛЫДАН «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАУҒА 7 ЖАРЫМ МЫҢ АДАМ БАРАДЫ
Астана қаласында үш айға созылатын көрмені тамашалап қайтуға Қазалы ауданынан 7500 адам қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы тұрақты кеңес мәжілісінде ауданды кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ә.Әбиев хабарлады.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 720 оқушыны 3 күндік саяхатпен көрмеге апаруға аудандық бюджеттен 29 млн 664,0 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, 30 мүмкіндігі шектеулі жанның көрмеге барып-қайту шығыны үшін бюджеттен 1 млн 576 мың теңге қаралған.
Көрмеге қатысатындардың негізгі құрамының барып-қайтуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі жеке кәсіпкерлермен меморандумға қол қойды.
Көрме билеттері аудандық «Қазпошта» АҚ-ның 27 құрылымдық бөлімшесі арқылы сатылуда.
Айта кетейік, 15 мамыр күні ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Қазалы ауданынан балық және балық өнімдері елордаға жөнелтілген болатын.
«Қызылорда СПК Балық» ЖШС-нің 3 тонна көксерке фаршы, «Ар-М-Кон» ЖШС-нің 637 келі ақтабан, 552 келі мөңке, 212 келі сазан, жеке кәсіпкер «Т.Игіліков» 1309 келі сазан, 784 келі шортан және 91 келі балықтың төсі «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-ның меншігіндегі рефрижераторлармен жабдықталған «DAF» автокөлігіне тиеліп, Арқа төсіне жол тартты.