ҚАЗАЛЫДА МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазалы ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру жұмыстары басталды. Бүгінде ақпараттық топ қала, кент және аудандағы ауылдық округтерді аралауда.
Топ құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы С.Байкенжеев, облыстық психоневрологиялық аурухананың бас дәрігері А.Медетбаев, Қызылорда қаласындағы №5 емхананың бас дәрігері С.Рысалдиев, облыстық наркология орталығының бас дәрігері Г.Нысанова, Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері К.Әбілов, аудандық емхананың бас дәрігері Ғ.Баймаханов, аудандық аурухана дәрігерінің орынбасары Р.Қалуова бар.
Жиында Елбасы Жолдауының басым бағыттары, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің артықшылықтары түсіндірілді. Ақпараттық топ мүшелері сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктері туралы айтып, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт Жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады.
Бұл жүйені енгізу арқылы денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік тумақ. Әр тұрғын қай өңірде тұрса да, медициналық ұйымды және қызметкерді өзі таңдау құқығына ие болады. Демек, әлемдік тәжірибеге негізделген жүйе жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға жағдай жасайды.
Кестеге сәйкес 15 мамырда басталған түсіндірме жұмыстары ертең аяқталады. Жалпы аудан бойынша бұл бағытта 24 кездесу өткен.