ОҚУШЫЛАР ЕЖЕЛГІ ТЕҢІЗ ЖАНУАРЫНЫҢ ҚАҢҚАСЫН ТАУЫП АЛДЫ
Ақтауда оқушылар ертедегі теңіз табанынан алып жануардың қаңқасын тапты. Шамамен 38-55 млн жыл бұрын өмір сүрген жануардың сүйегі Түпқараған ауданындағы Ұсақ тауында жатыр.
Бұл жерде химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жас археологтары қазба жұмыстарын жүргізген еді. Ұсақ тауы ерте дәуірде Тетис мұхиты деп аталған Каспий теңізі қайраңының қатарына жатады. Аталған мекеннен акула тістерінің жиі табылуы осыған дәлел. Тарихи орынды зерттеушілер тау қыртысына жабысып тұрған омыртқа сүйектерін көріп, суретке түсіріп алады. Ені екі метрдей қаңқа тасқа айналған киттің сүйегі болуы мүмкін деген болжам бар.
Құнды жәдігердің нақты жасын білу үшін үйірме мүшелері палентолог-ғалымдарға жүгініп, зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ ойда.
- Қандай жануар екенін өзімізше зерттуге бел буып отырмыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда антрополог мамандар жоқ деп айтуға болады. Әйтпесе, осы сүйекті бірге зерттеуге болар еді,– дейді мектеп мұғалімі Азамат Түйтін.
24.kz