БАС ПРОКУРАТУРА НҰРЛАН СЕРІКБАЕВТЫҢ ҰСТАЛУЫНА ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІК БЕРДІ
Қызылордадағы көлік прокуроры Нұрлан Серікбаевтың ұсталуына байланысты Бас прокуратура түсінік берді. Бұл туралы Tengrinews.kz. хабарлап отыр.
"Осыған дейін Қызылорда облысының аумағында мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз сатып алуға, тасымалдауға, сақтауға және сатуға қатысы бар бірнеше қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция барысында Қызылорда көлік прокуроры Нұрлан Серікбаевтың ұсталғандығы хабарланған еді. Нұрлан Серікбаев 2017 жылы 25 сәуірде берген рапортына сәйкес ҚР прокуратура органдарынан шығып кеткен", - деп хабарлайды БАС прокуратураның баспасөз қызметі.
"Сонымен қатар Серікбаевты ұстау жөніндегі операцияға ҰҚК мен бірге Бас прокуратураның өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері белсене қатысты. ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес басқа мәліметтер жариялауға жатпайды", - делінген хабарламада.
Осыған дейін 16 мамырда ҰҚК мен ІІМ бірігіп арнайы операция өткізгендігі туралы хабарланған еді.
"Қызылорда, Тараз және Шымкент қалаларында ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының мүшелері бір мезгілде заңсыз іске қатысы бар 8 адамды ұстады, олардың тұрғылықты жерлері бойынша және оларға үлестес кәсіпорындарда, оның ішінде «КАИС-сервис» ЖШС-да (Қызылорда қаласы, асфальт өндіру зауыты және мұнай құю терминалы), «Қарамай Ойл» ЖШС (Тараз қаласы, мұнай құю терминалы) 21 тінту іс-шарасын жүргізді", - делінген ҚР ҰҚК таратқан ақпаратта.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы операция барысында қылмыстық мұнай бизнесіне қолдау көрсетті деген күдікпен Қызылорда көлік прокуроры Нұрлан Серікбаевтың ұсталғандығын хабарлаған болатын.