ИВАН ГРОЗНЫЙ ДУЛЫҒАСЫНДАҒЫ АРАБША ЖАЗУДЫҢ МАҒЫНАСЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Иранның Ресейдегі Бас консулы Сейед Голамрез Мейгуни Иван Грозныйдың Астрахандағы Әскери даңқ музейінде тұрған дулығасындағы арабша жазудың мағынасын айтты. Дипломат патша дулығасының төбе жағында көлденең түскен араб таңбасынан «Аллах Мұхаммед» деген жазуды оқыған.
Бұл сөз белгілі «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхамет оның елшісі» атты тіркестің қысқартылған түрі болуы мүмкін. «Ирандық консулдың бұл пікірін лингвистер мен шығыстанушылардың талқысына саламыз. Православ сенімін ұстанған орыс патшасының дулығасындағы бұл таңбаны оның ұлына осы жарақты сыйлаған Түрік сұлтаны салуы мүмкін. Өйткені бас киімдегі екінші белдеуде славян тілінде «Шелом Князя Ивана Васильевича, Великого Князя сына Василия Ивановича, господаря Всея Руси самодержца» деген жазу бар, — дейді музейдің аға ғылыми қызметкері Елена Арутюнова ИТАР-ТАСС тілшісіне берген түсіндірмесінде.
Әлемдік деңгейдегі жәдігер Астраханның Ресей мемлекеті құрамына кіруінің 450 жылдығына орай Стокгольмдегі Қарулар Палатасынан жеткізілген. Патша дулығасының Стокгольмнен табылуының да түрлі себебі айтылады. Соның бірі бойынша дулыға 1611-1612 жылдары Мәскеуді шарпыған бүлік кезінде басқа да құнды заттармен бірге Варшава королі Сигизмундқа жеткен.1655 жылы поляк әскері шведтермен болған соғыста ойсырай жеңілгені мәлім. Осы тұста патшаның бас киімін швед сарбаздарының бірі трофей ретінде еліне алып кетуі мүмкін.