БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР МУЗЫКАЛЫҚ АНСАМБЛЬДЕРДІҢ ШЕРУІ 1 МАУСЫМҒА АРНАЛАДЫ
Қазіргі таңда балалардың құқықтары мемлекет тарапынан қорғалып, олардың білім алуына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне елімізде барлық жағдай жасалып отыр. Осының бәрі өз алдымызға дербес мемлекет болуымыздың, мемлекеттің дұрыс жолға қойылған саясатының арқасы екені белгілі. Қазір Қазақстан мемлекеті балаларды дені сау, сапалы біліммен сусындаған отансүйгіш ұрпақ етіп тәрбиелеуді көздеп келеді. Бұл орайда ата-ана, мектеп және қосымша білім беру мекемелері өзара сабақтастықта қызмет көрсетуін мемлекет жүйелеп отыр. Тек әрбір отбасы осы жасалып отырған жағдайды бала игілігі үшін қолдана білуі керек деп едім.
Мысалы, мен үш баламды Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында жүргізілетін тегін үйірмелерге қатыстырамын. Балаларым әрқайсысы өзінің қызығушылығына қарай түрлі үйірмелерге жазылды. Үйреніп, түйіп жатқандары аз емес. Ең бастысы, ғаламтордағы қажетсіз ақпараттамен миларын улауға уақыттары да жоқ. Мектеп бағдарламасынан тыс білімін жетілдіріп жүрген баланың болашаққа деген сенімі де жоғары болатынын байқадым.
Мен ата-ана ретінде балаларыма Отанымыздың оларға жасап отырған қамқорлығын үнемі айтып отырамын. Мысалы, алдағы 1 маусым-Балаларды қорғау күніне орай орталық алаңда өткізілетін шараға қаншама мекемелер жұмылдырады. Олардың бәрі балаларға қуаныш сыйлау үшін барын салып жатыр.
Биылғы жылғы балалар мен жасөспірімдердің музыкалық ансамбльдерінің шеруі менің балаларым үшін ерекше өтпекші. Себебі, музыка бағыты бойынша қосымша білім алатын қызым Алуа ансамбль құрамында мерекеде шеруге қатысатынына қуанышты. Осындай бала бақыты үшін жасалатын әрбір шараның басы-қасында жүретін ұстаздар қауымы мен биліктегі ел тізгінін қолға алып отырған ел ағаларына да ризашылығымды білдіргім келеді.
Еліміздің тыныштығы, балаларымыздың бақыты баянды болғай.
Марат БАЛПАНОВ,
қала тұрғыны.