БЕРНДЕ «ҚАЗАҚСТАН – МҮМКІНДІКТЕР ЕЛІ. ЭКСПО-2017» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Берн қаласында Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығы аясында Қазақстан елшілігі «Қазақстан – мүмкіндіктер елі. ЭКСПО-2017» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстандағы инвестициялық және іскерлік ахуалға, сондай-ақ алда Астанада өтетін көрмеге арналды. Дөңгелек үстелдің жұмысына Швейцарияның денсаулық сақтау, «жасыл» энергетика, энергия тиімділігі, жел электр станциялары және қаржы секторы сияқты қызметтің түрлі салаларындағы ресми, ғылыми және іскерлік топтардың 50-ден астам өкілі қатысты.
Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы елшісі Жанар Айтжанова Қазақстанды жаңғыртудың негізгі басымдықтары, инвестициялық ахуалды жетілдіру шаралары, швейцариялық инвестициялар мен технологияларды тарту, Швейцария кантондары мен Қазақстан облыстары, сондай-ақ екі елдің университеттері мен ғылыми орталықтары арасында өңірлік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Швейцарияның Федералдық Сыртқы істер департаментінің саяси дирекциясының Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Николас Брюль мен Швейцарияның Федералдық жиынының Кантондар кеңесінің депутаты, «Швейцария-Қазақстан» Парламентаралық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбарди екіжақты ынтымақтастықтың артып келе жатқанын атап өтіп, оны дамыту перспективаларымен бөлісті.