КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ МАҚҰЛДАНДЫ
Қызылорда облысында Аймақтық Үйлестіру Кеңесінің шешімімен жалпы құны 406 895 707 теңге болатын 10 жоба қолдауға ие болды. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлік субъектілері рәсімдеген несиелерінің үстеме пайызы10% дейін төмендетіледі. Жобалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде 60-тан аса жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Жеке кәсіпкер Бауыржан Қосбармақов қолдауға ие болған жобалардың бірінің негізін қалаған. Бүгінде кәсіпкердің басқаруында жеке автосервисі мен көліктің қосалқы бөлшектерін сату орталығы жұмыс жасауда. Несие қаражатының көмегімен ол бизнесте жаңа бағытты қолға алып, қалааралық жүк тасымалы қызметімен айналысуды жоспарлауда. «ForteBank» АҚ және «Даму» Қоры жеке кәсіпкердің жобасын қолдап, оған кепілдендіру мен 30 млн.теңге көлемде несие берді. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысудың нәтижесінде кәсіпкердің несие үстемесінің 7% мемлекет қайтарымсыз негізде субсидиялайтын болса, 14% үстеменің қалған7% бизнесмен өзі төлейді.
АҮК тарапынан сондай-ақ, «Нақыпбек Самат» ЖК компаниясының да жобасы мемлекеттік қолдауға мақұлданды. Мерекелік киімдер мен костюмдерді сату және жалға беру бағытында өз ісін бастаған жас кәсіпкер нарықты зерттей келе салтанатты іс-шараларды қызмет көрсету кәсібін бастауға шешім қабылдайды. Жобаның мақсаты ағымдағы кәсіпкерлік қызметті әртараптандыру арқылы оны тұрақтандыру және табыс көзін көбейту. Осы бағытта кәсіпкер «БанкЦентрКредит» АҚ 14% несие рәсімдеп, оның 7% мемлекеттің субсидиялауы түріндегі қолдауға ие болды. Кепіл мүлік жетіспеушілігі мәселесін «Даму» Қоры арқылы оң шешіп, жобасын қордың 50% кепілдендіруіне қол жеткізді. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, жас кәсіпкер өзінің жаңа бизнес-жобасының табыстылығы мен өміршеңдігіне нық сенімді.