ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ АЯҚТАЙДЫ
«Orda Glass» ЖШС мен қытайлық China Triumph International компаниясы арасында Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын аяқтау туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Informбюро хабарлады.
Келісімге сәйкес серіктестік негізінде Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.
Пекинде қол қойылған келісім рәсіміне Қазақстаннан "Бәйтерек" мемлекеттік холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаев қатысқан.
China Triumph International Қытайдағы ұлтық жобалау мен зерттеу, инженерлік жобаларды басқару саласындағы үздік 50 компанияның қатарында тұр.
Жарты жыл бұрын шыны зауытына қатысты дау шығып, «Бәйтерек» холдингінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаев тұтқындалған болатын. Сол кезде Ұлттық экономика министрі қызметін атқарып жүрген оған құрылыс кезінде бір миллиард қаржыны қолды қылды деген айып тағылған еді.
Кейіннен жоба бойынша жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға 4 айдай жалақы төленбегендігі де белгілі болды.
Шыны зауытына қатысты мәселеге сол тұста Инвестиция және даму вице-министрі болған Альберт Рау да түсінік берген еді. Ол көп қаржы жұмсалған жобаның аяқсыз қалмайтынын айтқан болатын.