ҚҰТҚАРУШЫЛАР «ҚАЗТЕСТ» КУРСЫНАН ӨТТІ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев халыққа Жолдауында төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту жайында ерекше атап өтті. «Қазақ тілі өзінің басымдық позициясын сақтап келеді. Енді оның одан әрі дамуына үлкен мән берілуде. Сонымен бірге бүгінгі күні ағылшын тілі жаңа технологияның, жаңа өндірістің, жаңа экономиканың тілі болып табылады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық үдеріске қол жеткізе алмайды» деді Елбасы.
Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыруда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыстар жүйелі ұйымдастырылып келеді.
Осы бағытта жуырда департамент қызметкерлеріне «Қазтест» жүйесі бойынша және ағылшын тілін оқыту курстарын аяқтағаны туралы сертификатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Сертификатты тапсыруға орталықтың директоры Н.Мұсаева және оқытушы А.Байқадам келді.
Департаменттің 13 қызметкері ағылшын тілін оқығаны бойынша сертификатқа ие болды. Курста алған базалық білім ағылшын тілін одан әрі өз бетінше оқуына мүмкіндік береді.
Оқу барысында мамандар ойын түрінде логикалық есте сақтауға үйретті, нәтижесінде қызметкерлер тест сұрақтарының жауабын іздеп, тез табуға машықтанды. Оқу курсының қорытындысында әр қызметкер шығарма, мазмұндама және диктант жазды.
Іс – шара соңында Орталық мамандары Департамент қызметкерлерінің сабақ барысында тәртіпті сақтай білетін, оқуға ынталы қызметкерлер екендігін атап өтті.