17 МАМЫРДА ЕЛ АУМАҒЫНЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІНДЕ ЖЕЛ КҮШЕЙЕДІ
Атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты сәрсенбі, 17 мамырда Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, тұман, желдің күшеюі күтіледі, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады, тек батыс және солтүстік- батыста ауа райы жауын-шашынсыз.
Қазгидометтің хабарлауынша, Қызылорда облысының кей жерлерінде шаң көтеріліп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы мүмкін.
Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұршақ күтіледі, желдің күші 15-20 м/с болады.
Алматы, Павлодар, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді. Жамбыл облысында желдің екпіні 23 м/с жетеді.
Маңғыстау, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде желдің 15-20 м/с күшеюі күтіледі, түнде және таңертең тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерінде тұман болады.
Түнде Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде 0-5 градусқа төмендеп, үсік жүреді. Күндіз Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.