ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ
Ауыл шаруашылығы дақылдарының басты жауы – шегіртке. Ал оның таралуын болдырмау үшін агротехникалық және фитосанитариялық күрес іс-шараларын уақытылы жүргізілуі тиіс. Зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, жұмыстар атқарылуда.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының аумақтық инспекция басшысының орынбасары Жаннат Дүзелбаева мәлім етті.
«Зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс-шаралар» туралы жұмыс тобының бірінші отырысы өткізіліп, барлық аудан және қала әкімдеріне шегірткеге қарсы тиісті жұмыстарды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар беріліп, тиісті шаралар атқарылуда.
Сала мамандарының айтуынша облыс бойынша биыл 68 378 гектар жер италиялық прус шегірткесін болдырмау мақсатында өңделеді. Ал ерекше қауіпті азиялық шегіртке жайлауы мүмкін деген аймақ 84 947 гектар болып отыр. Бұл аумақ та химиялық өңдеуден өтеді. Өңдеу жұмыстарын 27 мамырдан 30 маусымға дейін жүргізу межеленуде.