«СӘТТІ ҚАДАМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының мәжіліс залында «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен партияның «Сәтті қадам» жобасын түсіндіру мақсатында түлектерге арналған ашық есік күні өтті.
Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру түлектерін еңбекке тартуды көздеген шарада «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есенжол Назаров «Сәтті қадам» жобасы жайлы тарата айтты.
Жоба бағыттарына жеке-жеке тоқталған ол биыл да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жас мамандардың жұмыс табуына мүмкіндік беріліп отырғандығын ерекше атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Шәкизат Қаратайұлы «Сәтті қадам» жобасы аясында тағылымдамадан өтуге ұсыныс білдіргендердің қатары көп болғанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейтіндігін тілге тиек етіп, партия тарапынан жасалған әріптестік меморандумның негізгі шарттарын тиімді пайдалану керектігін айтты.
Жиын соңында жасалған түсіндірмелер және шараны ұйымдастыру барысында айтылған ойлар мен тұжырымдар негізінде ұсынымдар қабылданды.