ОРАЛМАНДАР ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕН ШЫҒАРЫЛУЫ МҮМКІН
Астанада тұратын оралмандар мемлекеттен берілетін үй кезегінен алынып тасталуы мүмкін. Сондай-ақ бұл тізімнен әскери қызметкерлерді де шығару мәселесі көтеріліп отыр, деп хабарлайды Elorda.info.
Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында мемлекеттік қордан баспана алуға кезекте тұрған оралмандарды тізімнен шығару ұсынысы жасалғанын атап өтті.
«Біз Үкіметке бірнеше мәрте ұсыныс жасадық, әлі де аталған санаттағы тұрғындарды кезектен шығару керек деген пікірдеміз. Қазір біздің ұсынысымыз Үкіметте қызу талқыланып жатыр», - деді Руслан Ахметов.
Оның айтуынша, өңірлердің біріне квотамен келген оралмандар баспананың орнына ақшалай өтемақы алады да, Астанаға қоныс аударып, тұрғын үйге кезекке тұрады екен. Ал оның өтемақы алғаны деректер базасына тіркелмейтін көрінеді.
Сондай-ақ әскери қызметкерлерді тұрғын үй кезегінен шығару мәселесі де өткір тұр. Олар енді жеке тізімге алынып, басқа жеңілдіктермен қамтылады.
Басқарма басшысы мүлікті иелігінен шығарып, бес жылдан соң пәтерге қайта кезекке тұратындардың да жолы кесілетінін айтты.
«Егер адам мемлекет қорынан бір рет пәтер алса, оның қайта кезекке тұру құқығын шектеу қажет», - деп атап өтті ол.