АРАЛ МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ӨТЕДІ
Мамырдың 30-31 күндері Аралдың тұрақты дамуына арналған халықаралық форум өтеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен Аралды құтқару Халықаралық қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Қабыкенұлының қатысуымен өткен баспасөз-конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Форумға Орталық Азияның 5 мемлекеті мен басқа да халықаралық ұйым өкілдері қатысады. Форумның мақсаты - Арал мәселесіне қоғам назарын аудару, аймақтың əлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелейтін жобаларды нақтылап, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту жолдарын талқылау.
Форумның бірінші күні баяндамалар тыңдалса, екінші күні делегаттар Аралды тікұшақпен бағдарлап, теңіздің тынысымен танысады.
Басқосу аясында бірнеше жобалардың таныстырылымы өтеді. Атап айтқанда, Қамбаш көлінде ғылыми-туристік орталық ашу, Аралдың шығыс бөлігіндегі теңіз ұлтанына жасыл белдеу жасау жəне киік популяциясын көбейтуге арналған питомникті іске қосу жобалары көпшілік назарына ұсынылады