«СЛАВЯНЕ» БІРЛЕСТІГІ 5547 ӘСКЕРИ БӨЛІМШЕСІНДЕ КОНЦЕРТ ҚОЙДЫ
Жексенбі күні «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі Ұлы Отан соғысы, Жеңістің 72 жылдығы мен ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай 5547 әскери бөлімшесіне барып, концерт қойды.
Бірлестіктің жетекшісі Г.Щербакова әскери қызметкерлерді мерекемен құттықтады. «Славяне» орталығы атынан баршаңызды Ұлы Жеңіс және Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тыныштығы мен татулығын берік сақтауға еңбек етіп жүрген сіздерге рахмет! Әрдайым ашық аспанымызда бейбітшілік орнасын! Елбасының көрегенді саясатының нәтижесінде елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тату тәтті бір шаңырақ астында ел үшін аянбай еңбек етіп, өмір сүріп келеді. Бірлігіміз арта берсін», - деді.
Концерт нөмірлері әскери тақырыптарға арналды. «Надежда» жас вокальді тобы «Ровесница» соғыс жылдарында майданға өз қалауымен аттанған мектеп жасындағы қыздарға арналған өлеңді орындады. Ал, Алена Павлова Эдуард Асадовтың «Жеңіс күні» атты өлеңін әсерлі оқыды. Виктория Миклина «На поле танки грохотали» әнін әсем даусымен шырқады. «Битва за Севастополь» фильмінен үзінділер көрсетіліп, Валерия Фролова «Кукушка» әнін айтты.
Кештің соңында әскери бөлімнің сарбаздары қонақтарға арнап концерт қойды. Аталмыш бөлім командирі Мақсат Қырғызбаев әскери қызметкерлермен бірге бірнеше жылдардан бері бірігіп қызмет етіп келе жатқан «Славяне» бірлестігінің мүшелеріне алғысын жеткізді.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі