АСТАНАДА МЕКТЕП БІТІРУ КЕШТЕРІНЕ АҚША ЖИНАМАЙДЫ
Астана мектептерінде бітіру кештері қарсаңында ақша жиналып жатқан жоқ. Бұл туралы БҒМ өкілдері бүгін ОКҚ-те өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"2016-2017 оқу жылының басында республиканың барлық мектебінде, соның ішінде Астана мектептерінде қаражат жинауға тыйым салу туралы бұйрық шықты. Бұл бұйрықты барлық мектеп жетекшілері мен мұғалімдер орындауы тиіс. Орындамағандар әкімшілік жазаға тартылады", - деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Арман Жүнісов брифингте.
Ол сондай-ақ салтанатты бітіру кештері мектеп қабырғасында өтуі керектігін еске салды.
"Сондықтан министрлік кешті мектепте өткізуге кеңес береді. Осыған байланысты барлық мектепке жадынама жолданды. Астана қалаалық білім басқармасының мәліметінше, қала мектептерінде ақша жиналып жатқан жоқ", - деді ҚР БҒМ өкілі. Оның айтуынша, мектептерде ақша жинау дерегі анықталған жағдайда Білім және ғылым министрлігіне хабарласу керек.
"Баспасөз қызметіне, бізге хат жазуыңызға немесе телефон соғуыңызға болады. Қаланың, аудандардың білім басқармаларына хабарласып, осындай дерек тіркелген жағдайда, айналысамыз", - деді Жүнісов.