ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ САҚШЫЛАР ШАҒЫН ФУТБОЛДАН БАҚ СЫНАСТЫ
Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің басқармаларынан құралған құрама командалар арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Аталмыш жарыстың басты мақсаты – полиция қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ете отырып, спорттық даярлығын көтеру болып табылады. Спорттық додаға барлығы 11 команда қатысып, ширек финалға үздік ойын көрсеткен 4 команда суырылып шықты. Тәртіп сақшылары арасындағы бірлікті, командалық қолдауды нығайтуды мақсат тұтқан бұл спорттық кездесу өте тартысты өтті. Спорттық бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды Арнайы даярлық басқармасы мен Кадр жұмыстары басқармасынан құралған команда иеленіп, жарыс жеңімпаздары атанды. ІІ орынды Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командасы қанжығасына байласа, Оқу-жаттығу басқармасы жарыстың қола жүлдегерлері атанды.
Сондай-ақ жарыс шеңберінде үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік қақпашы, үздік гол аталымдары бойынша үздіктер анықталды. «Үздік қорғаушы» номинациясына ҚІІБ Криминалды полиция бөлімшесінің кіші жедел уәкілі, полиция сержанты Наурыз Болманов лайық деп танылса, «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша ОІІД Арнайы даярлық басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Артур Советұлы, «Үздік қақпашы» аталымы бойынша ОІІД Жедел жоспарлау басқармасының жедел кезекшісі, полиция подполковнигі Алмат Тұрсынов, «Үздік гол» аталымы бойынша ОІІД Техникалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, полиция аға лейтенанты Бағдат Тілеумбетов марапатталды.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер жарыс кубогымен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі