ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ АПАТТЫҢ ЖАЙЫ АЙТЫЛДЫ
Кеше жылу орталығының түтін құбырына бөлшектеу жұмыстарын жүргізу кезінде апат болып, 1 адам қайтыс болғанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Бүгін осы оқиғаға байланысты облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Б. Тұрманов, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Б. Мадраимов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ. Жаңабаев пен «Алтын ЛТД» ЖШС маманы М. Олжағұлов қатысқан арнайы брифинг өтіп, онда апаттың мән-жайы толық айтылды.
Олардың мәліметінше осыдан 55 жыл бұрын салынған, 80 метрлік түтін құбырын бөлшектеу кезінде бетон қабырға құлап кеткен. Оның астында қалған 3 адамның екеуі дереу құтқарылды. Бірі облыстық медицина орталығына жатқызылса, енді бірі жеңіл жарақат алған. Ал үйінді астында қалған 47 жастағы қала тұрғынын іздеуге 2 кинологиялық топ пен 80 адам жұмылдырылды. Таңғы сағат 3.45-те Т. Бақановтың денесі табылды.
- Құтқарушылар оның денесін табуға 9 сағаттай уақыт жұмсады. Ірі бетон қабырғалар жұмысқа кедергі келтіргендіктен арнайы техникалар қолданылды, - деді Ғ. Жаңабаев. .
Қала әкімінің орынбасары А. Шәменовтің айтуынша, қайтыс болған жұмысшы отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Жалпы азаматтары зардап шеккен 2 отбасына 1,5 млн. теңгеден көмек беру жоспарлануда. Ал "Алтын ЛТД" ЖШС апат кезінде қаза тапқан Т. Бақановтың отбасына көмек ретінде 500 мың теңге берді.