ҚЫЗЫЛОРДАДА «QUESTRA HOLDINDS INC.» КОМПАНИЯСЫН ТЕКСЕРУ БАСТАЛДЫ
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай сала қызметкерелерінің мониторингі нәтижесінде аймақта интернет-платформа арқылы шетелдік «Questra Holdings Inc.» компаниясының қызмет көрсетіп келгендігі анықталды.
Компания өкілдері тұрғындарды жылдық 336 пайыз пайдамен инвестор портфеліне қаржы салуға үгіттеп келген. Олар сондай-ақ, жаңа инвестор тартқан адамға төленетін ақы мөлшері де жоғары болатынына уәде етіп, жұртты қызықтырған.
Осы арқылы қыруар пайда тауып келген ұйымға салым көлемі 90 – 20 000 еуро аралығында болған. Қаржы пирамидасы жүйесімен жұмыс істеп келген осы компанияның әрекетінен елді сақтандыру, алаяқтықтың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасының ұсынысымен осы жылдың 12 және 15 наурызында Қызылорда қалалық ІІБ және Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінде ҚР ҚК 1 бөлімі, 217 бабымен 2 қылмыстық іс ашылды.
Сонымен қатар, осы жылғы 6 мамырдан бастап мемлекеттік кіріс департаменті мамандары «Questra Holdings Inc.» қызметкерлерінің үстінен соталды тергеу жұмыстарын бастады.
Қазір осы істерге қатысты кейбір фактілер айқындалып отыр. Мысалы, компания уәдесіне сенген 113 салымшы белгілі болды. Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентіндегі «Questra Holdings Inc.» кеңесшілері мен олардың көмекшілері тергелді. Кейбірінің үйіне тінту жасалып, іске тікелей қатысы бар ноутбуктер мен гаджеттер алынды.
Іске байланысты компьютерлік-техникалық сараптама тағайындалды.
Облыс прокуроры Х. Дәуешов қажеттілігіне қарай кінәлілерді ұстап, қамаққа алу жөнінде тапсырма берді.