БҮГІН ӘЛЕМДЕ КИБЕРШАБУЫЛДАР ҚАЙТАЛАНАТЫНЫ ЕСКЕРТІЛУДЕ
Киберқауіпсіздік саласының мамандары бүгінде WannaCry вирусынан миллионнан астам компьютер зардап шегуі мүмкіндігін айтуда. Financial Times басылымының жазуынша, жұма күні аталмыш вирус арқылы жаһандық кибершабуыл жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еуропол директоры Роб Уэйнрайт бұған дейін мәлім еткендей, кибершабуылдардың сериясы дүйсенбі күні таңертең қайта жалғасуы мүмкін. Оның айтуынша, вирус әлемнің 150 еліндегі 200 мың компьютерді зақымдап үлгерді. Британиялық барлау қызметінің өкілдері дүниежүзі бойынша коммерциялық мекемелерге ауқымды кибершабуылға әзір болуға кеңес берді, деп жазады басылым. Avast антивирусын жасап шығарушылар WanaCrypt0r 2.0 вирусын қолданумен жасалған 57 мың хакерлік шабуыл туралы хабарлап отыр.
Вирус бірінші кезекте Ресей, Украина және Тайваньда таралуда. Ал «Касперский зертханасының» мәліметінше, жұма күні әлемнің 74 елінде хакерлік шабуылдардың 45 мың әрекеті жасалды. Компьютерлердің зақымдалу Ресейде көбірек байқалды.
Айта кетейік, жұма, 12 мамыр күні Атырау облысында Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игерумен айналысатын NCOC компаниясының ақпараттық қауіпсіздік жүйесі сағат шамамен 18.00-де компанияның серверлеріне вирустық шабуылды тіркеді. Алдын алу шарасы ретінде интернет пен корпоративті поштаға қолжетімдік уақытша тоқтатылды. Кейін компаниядан мәлім еткендей, кибершабуыл Қашаған нысандарының жұмысына кедергі келтірген жоқ, өндіріс штаттық режімде жалғасуда.