ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЭО МҰРЖАСЫ ҚҰЛАП, 1 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Қызылорда қаласында жылу электр орталығының мұржасы құлап, екі жұмысшының зардап шеккені хабарланып отыр.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 14 мамыр күні сағат 19.00-де Қызылорда облысындағы ЖЭО-да мұржаны бұзу жұмыстарын жүргізу барысында, ол «Алтын ЛТД» ЖШС-ның екі жұмысшысының үстіне құлап кетті. Олардың бірі облыстық медицина орталығына жеткізілді, екіншісі үйінді астында қалып отыр. Құтқару жұмыстары жүргізілді», - деп мәлімдеді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Оның айтуынша, жұмыстарға Қызылорда облыстық ТЖД-ның, Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының, Қызылорда облыстық ТЖД-ның өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметтерінің мамандары мен техникалары жұмылдырылды.
Алпыс адам, оннан астам техника мен екі кинологиялық есептоп айналысқан жұмыстар нәтижесінде 15 мамыр сағат 3:45-те үйінді астынан екінші жұмысшының денесі табылды.