АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Бүгін Қызылорда облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. ҚР вице-премьері және облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, «Мал шаруашылығын дамытудағы кооперацияның рөлі туралы» аймақтық семинар кеңеске қатысты.
Асқар Мырзахметов мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан ауыл шаруашылығын қолдау шаралары туралы айтып берді. Енді биылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге кепілсіз несие, субсидиялар беріліп, құрал-жабдықтар 50%-ға арзандатылады және басқа да көптеген жеңілдіктер қарастырылады.
Сондай-ақ, семинарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперативтері департаментінің директоры Б.Нығмашев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Омаров, «Шиелі төрт түлігі» АӨК төрағасы С.Ермаханов және «Миялы» АӨК төрағасы А.Әбсаттаров баяндама жасады.
Содан соң Асқар Мырзахметов Жаңақорған ауданы Қожакент ауылындағы 54 жеке қосалқы шаруашылықты біріктірген, мал бордақылау алаңын табысты жүргізіп отырған «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативінің, томат егу және томат пастасын шығаруға бағытталған «Тату агро» шаруа қожалығының егіс алқабындағы жұмыстармен танысты.
Бұдан бөлек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Шиелі ауданындағы үрмелі су тоспасына барып, облыстың су шаруашылығы мәселерімен танысты және су шаруашылығы саласының ардагерлерімен кездесті. Естеріңізге сала кетейік, жуырда Үкіметте Шиелі ауданындағы Күміскеткен су қоймасының құрылыс жобасы қаралған болатын. Биыл көктемде Сырдария арнасындағы су деңгейі соңғы жарты ғасырдағы ең жоғары көрсеткішке дейін жетті.Осы күні кешке А.Мырзахметов пен Қ.Көшербаев Жаңақорған ауданындағы ІІІ облыстық малшылар слетінің ашылу салтанатына қатысты.