Білім министрлігі Ұлттық біріңғай тестілеудегі өзгерістерді мәлімдеді
Білім министрлігі тесттің сұрақтарын бастан-аяқ түгендеп, соңғы нұсқасын бекітті. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Жалпы саны 40 мың сұрақ бар. 287 тапсырма қисынсыз деп алынып тасталған.
Сонымен қатар, биылғы ҰБТ бірінші рет екі кезеңмен өткелі отыр.
Мектеп аттестатын алу және жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тест бөлек-бөлек тапсырылады. Әрі біріншісінің қорытындысы екіншісіне әсер етпейді. Тіпті, мектепті «Алтын белгіге» бітіргендер де биыл жеңілдіктің бәрінен қағылған.
"Балл бірдей болған жағдайда ғана «Алтын белгі» ескеріледі. «Алтын белгі» тек қана мектепте беріледі. Ал грантқа келгенде әрбір бала өзі қаншаға тапсырады сол баллға ғана грант береміз", - дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Тағы бір өзгеріс колледждерден кейін кешенді тест тапсыратындарға қатысты. Енді олар мектеп бағдарламасын жаттап бас қатырмайды. Тек өз мамандығына қатысты пәндерден сұралмақ.
"Бұл жалпы кәсіптік және нақты мамандыққа қатысты пәндер. Осы екі пәнмен мемлекеттік грантқа өтініш бере алады. Ал егер мамандығын мүлдем ауыстыратын болса, мысалы гуманитарлықтан техникалыққа, онда кәдімгі ҰБТ тапсырады", - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмет-Зәкі.
Ал ҰБТ-ның ең төменгі межесі сол қалпы өзгеріссіз. Жалпы тестілеудің өзі елімізде 20-шы маусым мен шілденің 2-сі аралығында өтеді. Оған биыл мектеп бітіруші 130 мың түлектің тек 97 мыңы қатысуға өтініш білдірген.