ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҚАЗАГРОКЕПІЛ» АҚ ӨКІЛДІГІ ЖҰМЫС ЖАСАУДА
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «ҚазАгроКепіл» АҚ мамандары кәсіпкерлермен және аймақтағы қаржы институттары өкілдерімен кездесіп, мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлік саласына берілетін шағын несиелерге кепілдік берудің барысы мен ережелері талқыланды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қатысты 16 млн.теңгеге дейін несие алуы жайлы айтылған болатын. Кәсіпкерлер палатасына келіп кеңес алушылардың басым бөлігін осы мәселе қызықтыруда. Мұнан өзге, аймақ тұрғындары тарапынан кәсіпкерлерге берілетін шағын несиеге кепілдік беру мәселесіне қатысты да сұрақтар жиі қойылып келеді.
Осы ретте, шара барысында «ҚазАгроКепіл» АҚ атқарушы директоры Ұлан Диянов кәсіпкерлерге кепілдік беру механизмін түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, «ҚазАгроКепіл» АҚ коммерциялық емес ұйым. Биылғы жылдан бастап «ҚазАгроКепіл» АҚ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауылдық жерлерде және шағын қалаларда микрокредиттеуге кепілдік беру бағдарламасын іске қосқан.
Қызылорда облысында да «ҚазАгроКепіл» АҚ-ның өкілдігі жұмыс жасауда. Өкілдің аты-жөні: Шыңғыс Нысанов. Мекеменің мекен-жайы мен байланыс телефоны: Қызылорда қаласы, Әйтеке би 15, 8 777 250 90 18.
Осы ретте, кепілдіктерді беру шарттарын айтып өтсек:
- «Аграрлық Кредиттік Корпорация» АҚ қорландыратын ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда кәсіпті ашуға, бар кәсіпті кеңейтуге, кооперативтерді құруға микроқаржылық ұйымдар арқылы шағын несиеге мақұлдама алу;
- шағын несиені алу үшін өтініш беру алдында есеп берудің соңғы күніне салықтарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналары мен бюджетке төленетін басқа төлемдердің жоқтығы, сондай-ақ қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешектің жоқтығы;
- бағдарлама аясында кепілдендірудің қатысушысы, орта және ірі кәсікерлік субъектілері бола алмайды.
Кепілдендірілген шағын несиенің негізгі шарттары:
- шағын несие берудегі максимальды сома – 8000 АЕК дейін;
- шағын несие беру мерзімі – 7 жылға дейін;
- жылдық пайыздық мөлшерлеме – 6%;
«ҚазАгроКепіл» АҚ бастаушы кәсіпкерлер үшін шағын несие сомасын 85 пайызға дейін, жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін кепілдік бере алады.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі