КҮЗЕТШІ КИІМІН ЗАҢСЫЗ КИГЕНІ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы 2016 жылғы 22 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойып, соның негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне және «Күзет қызметі туралы» Заңға өзгерістер енгізілген болатын.
Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 675-бабында жеке күзет ұйымының күзетші лауазымын атқаратын жұмыскерінің арнаулы киімін оған құқығы жоқ адамдардың заңсыз киіп жүргені (пайдалану) үшін жеке адамдарға әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы көзделетіндігі көрсетілген.
Заң талабын іске асыру мақсатында жыл басынан Қызылорда ОІІД Күзет қызметін бақылау бөлімі мен аймақтық полиция инспекторлары бірлесіп күзет ұйымы қызметкерлері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарына бағынбаған жағдайда көрілетін жауапкершілік жайын түсіндірді.
Дегенмен, тиісті тексеріс жұмыстары барысында заңбұзушылыққа жол берген азаматтар да анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік емес ұйымдарда қарауыл болып жұмыс атқаратын Қызылорда қаласының үш тұрғыны күзетшілерге тиесілі «КҮЗЕТ» деген жазуы бар арнайы нысанды киімін киіп жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
ОІІД Күзет қызметін бақылау бөлімімен арнайы нысандық киім кию тәртібін бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бағытында жұмыстар жалғасатын болады.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі