СУ БАСУ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ
Бүгін Өңірлік Коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен дариядағы ахуалға байланысты көшпелі брифинг өтті. Оған Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Əділхан Қарлыханов, "ҚазСуШар" РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Болат Арыстанбаев жəне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Бақтияр Тұрманов қатысты.
Брифинг барысында жауапты сала басшылары аймақта су тасу қаупінің сейілгендігін мəлімдеді.
- Шардара су қоймасына құйылып жатқан су жылдамдығы төмендеп, су көлемі азайды. Бүгінде су ағыны секундына 1200 текше метрді құрайды. Бұл өткен күндермен салыстырғанда 300 текше метрге кем. Бұған дейін тиісті сала қызметкерлері тарапынан дарияның бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Сол жұмыстардың нәтижесінде су алу қаупінің алдын алдық. Аймақтағы ешқандай елді мекенді су басқан жоқ, - деді Болат Арыстанбаев.
Облыс бойынша елді мекендердің басым бөлігі дария жағалауында орналасқандықтан адам және мал шығынын болдырмау мақсатында барлық аудандар мен қалада жедел штаб құрылғандығы белгілі.
- Су басу қаупінің алдын алу жұмыстары барысында азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс жасады. Бұл жұмыстарға 262 құрылым, 841 техника жұмылдырылды. 6520 метр қосымша қорғаныс бөгеті соғылды, - дейді ТЖД бөлім басшысы Бақтияр Тұрманов.
Фариза ОМАРОВА