ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНА ҚОЛАЙЛЫ ЖЕРЛЕР БЕЛГІЛЕНДІ
Қарт Қаратаудың қойнауында Ақүйік, Бесарық өзені мен «Үсен бауы» аумақтарында 10-нан астам қолайлы табиғи демалыс орны бар. Мұнда келушілердің саны жылдан жылға арта түсуде.
- Бұл орындар Бірлік ауылындағы «Көлтоған» су қоймасынан ары қарай Қатын қамал тарихи орындарына дейін 19-20, Жаңақорған кентінен аталған орындарға дейін 39-40 шақырым жерді құрайды. Қазіргі таңда бұл табиғи демалыс орындардың жер қоры Ақүйік ауылдық округіне қарасты «Ақсеңгір» шаруа қожалығының теңгерімінде. Сырттан келген демалушылар осы табиғи орындарға рұқсатсыз кіріп, демалып келіп кетіп жатыр. Сол себепті бұл жерлердің тазалығы үнемі сын көтермей келеді. Бұл ретсіздік Ақүйік өзенінің көктем, жаз айларында үнемі ластануына себеп болып отыр, - дейді аудан әкімі Ғалым Әміреев.
Бұл жерде Бірлік ауылын аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызы бар «Көлтоған» су қоймасы орналасқан. Одан бөлек мемлекет тарапынан қорғалып, алдағы уақытта өзен жағалауы табиғи қорық есебінен алынатын болады. Сондықтан демалушыларға Бірлік ауылындағы Ақүйік өзені бойындағы демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Ал рұқсат етілетін демалыс орны Шалқия кентіне қарасты Құттықожа ауылындағы бұлақтың жағалауы. Ол жер алдағы уақытта арнайы табиғи демалыс орындарына айналатын болады.