ҚАЗЫБЕК ТӨРЕМАНОВТЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Құтқарушы мамандығы үнемі қауіп пен қатердің өтінде жүруді талап етеді. Осыдан 10 жылдай уақыт бұрын бірнеше отбасы қызметке кеткен ұлын, енді бірі бауыры мен отағасын ұзақ күтті, бірақ олар оралмады. Бұл 2008 жылдың 28 ақпаны болатын. Қыстың соңғы күні дария бойын көруге шыққан топ мінген ұшақ апатқа ұшырап, 6 адам қаза болды. Апат өмірін қиған сол алты арыстың бірі Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Қазыбек Төреманов еді.
Полковник Қазыбек Сұлтанбекұлы Төреманов 1967 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келді. Саратов химиялық қорғаныс жоғары әскери инженерлік училищесін, Ресей Федерациясы төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс академиясын үздік бітірген Ол Отанына адал қызмет етті. Ол өзгеге де, өзіне де қатаң талап қоя білетін офицер еді.
Қазыбектің қазасы оның жақындары мен әріптестеріне ғана емес оны білетін барша жанға ауыр тиді.
Өз саласының нағыз маманы Қазыбек қызмет жолында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «III дәрежелі Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар қызметіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Қаза болғаннан кейін I дәрежелі «Айбын» ордені берілді.
Кеше «Динамо» спорт кешенінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінен құрылған командалар арасында полковник Қ.Төремановтың құрметіне кіші футболдан жарыс өтті. Осы күні № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Отқа оранған өрендер» ескерткішінің алдында полковник Қ.Төремановқа арналған мемориалды тақта ашылды.
Қызмет үстінде көз жұмған қайсар жанға деген жерлестерінің құрметі осымен ғана шектелген жоқ. Бүгін облыс орталығындағы көшелердің біріне Қазыбек Төремановтың есімін беру рәсімі салтанатты түрде аталып өтті. Оған әкімдіктің өкілдері, ардагерлер, Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы және марқұмның туыстары мен достары қатысты.
Салтанатты рәсім Қ.Төремановты бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Қатысушылар жиын соңында ержүрек азаматтың есімі жазылған тақта ілінген үйдің жанына гүл шоқтарын қойды.