ҚАЗАҚСТАНДА КИЕЛІ НЫСАНДАР КАРТАСЫ ЖАСАЛАДЫ
Қазақстанда туристердің жоғары қызығушылығын тудыратын және құлшылық ететін орталықтарына айналуға бағытталған киелі нысандар картасы жасалуда. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын 2017 жылдың алғашқы 4 айында іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады, деп жазады Премьер-министрдің ресми сайты.
«Министрлік Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Барлығыңызға мәлім, Елбасы ұсынған жобалар еліміздің шығармашылық зиялылары, жұртшылық арасында кеңінен талқыланды, әркім «Туған жер», «Қазақстанның киелі географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» секілді жобаларды іске асыруға атсалысуға әзір», - деді министр.
Ведомство басшысы Қазақстанның киелі нысандарының картасына жан-жақты тоқталып өтті.
«Бізде Ұлытау, «Қожа Ахмет Яссауи», «Арыстанбаб» секілді әйгілі киелі орындардан өзге тіпті кейбір қазақстандықтар біле бермейтін көптеген бірегей жерлер бар», - деді баспасөз конференциясы барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр мысал ретінде Жамбыл облысында орналасқан көне жұмбақ Ақыртас қалашығын атап өтті. «Адамдар ол жерге жылына бір рет жиналып, ғибадат етеді. Түрлі елдерден туристер келеді. Бірақ бұл жер туралы барлық қазақстандықтар біле бермейді», - деді министр.
Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің бірегей петроглифтерімен танымал Алматы облысындағы Тамғалы шатқалы әлем ғалымдарының қызығушылығын тудыратынын атап өтті. Оның айтуынша, осыған ұқсас жартасқа салынған суреттер Норвегиядан табылған.
Аталған карта тарихшылар, археологтар, этнографтар мен туристік ұйымдардың қатысуымен жасалды. Киелі нысандар картасына барлық мультимедиялық қосымшалар арқылы виртуалды түрде қосылуға болады, нысандардың координаттары GPS навигациялық құралдары арқылы анықталады, бұдан өзге, карта Google іздеу жүйесінде қолжетімді болады.
«Бізге жыл соңына қарай Қазақстанның киелі жерлері картасының альбомын шығару керек. Алдағы бір-екі айда біз картаны электронды форматта ұсынатын боламыз», - деді спикер.
Қорытындылай келе, Киелі нысандар картасы қазақстандықтар өз туған жерлерінің тарихи, аңызға айналған киелі орындарын білуі үшін, сонымен қатар Қазақстанның табиғи байлықтарын әлемдік қоғамдастыққа таныстыру үшін әзірленеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 35 мың сәулеттік, археологиялық және тарихи ескерткіштер бар. Қазақстанның 8 археологиялық ескерткіші, соның ішінде Ақыртас, «Чанъань-Тянь-Шань дәлізіндегі Ұлы Жібек жолы нысандары» құрамында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміне кірді.