ЖАҢАҚОРҒАНДА ОБЛЫСТЫҚ ІІІ МАЛШЫЛАР СЛЕТІ ӨТЕДІ
Жаңақорған ауданындағы «Үсен бауы» жайлауында 13-14 мамыр күндері облыстық ІІІ малшылар слеті өтеді. Оған 7 млн теңгеге жуық қаржы да бөлінді. Осы шараға дайындық барысы жөнінде аудан әкімі Ғалым Әміреев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен айтып берді.
Аудан әкімінің айтуынша малшылардың ІІІ облыстық слетіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы кооперациясы департаменті, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Қазақ микробиология және вирусология» ҒЗИ басшылары, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, «Қазақ егін шаруашылығы ҒЗИ» ғылыми қызметкерлері мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өкілдер келеді деп күтілуде.
Слеттің бірінші күні «Жеке қосалқы шаруашылықтардың мал өнімдері өндірісіндегі кооперациялаудың маңызы» атты практикалық семинар өткізіледі. Екі күндік іс-шарада барлық облыстардан келген ауыл шаруашылығы саласының мамандары арасындағы ө ара іс-тәжірибе алмасуға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, шара барысында аймақтың үздік малшылары марапатталмақ.
Облыстық ІІІ малшылар слеті ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған түрлі жарыстар мен белгілі өнер иелерінің гала концертіне ұласады.
Фариза ОМАРОВА